Сенатта әкімшілік әділет мәселесіне арналған конференция аяқталды
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін Парламент Сенатында екі күнге жалғасқан Қазақстандағы әкімшілік әділеті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аяқталды. Жиын қорытындысына сәйкес бірқатар ұсынымдар қабылданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Парламент Сенаты Заңнама және құқықтық мәселелер комитеті мен Германия техникалық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының қолдауымен ұйымдастырылған құқықтық жиынға Армения, Германия, Грузия, Ресей, Украинадан келген сарапшылар, сот жүйесінің, құқық қорғау органдарының, ғылыми орта мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекеттің маңызды белгілерінің бірі - әкімшілік әділеті жүйесін қалыптастыру мәселелері бойынша пікірсайыс аясында әкімшілік шешімдеріне сотқа дейінгі шағым беру, адам құқын қорғаудағы тиімді тетік ретінде әкімшілік әділетінің рөлі, салалық іс жүргізу заңнамасын дамыту, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша әкімшілік әділеті мен сот өндірісінің айырмашылықтары туралы пікірлер ортаға салынып, осы бағыттағы проблемалар талқыланды.
Тақырып аясында сөз сөйлегендердің ішінде Германияның техникалық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының «Орталық Азия елдеріндегі құқықтық және сот реформаларын қолдау» жобасының басшысы Й.Пуделька, Мәжіліс депутаты Р.Сарпеков, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының көмекшісі М.Жұмағұлов, Д.А.Қонаев атындағы университеттің ректоры Ө.Қопабаев және басқалар болды.
Талқылауды қорытындылай келіп Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің басшысы Б.Имашев пікірсайысқа жоғары баға берді. Жиынның сындарлы сипатын атап өткен сенатор «барлық ескертпелер мен айтылған ұсыныстар зерделенеді және осы сала бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру ісіне ескерілетін болады», деді.