Сенатта балама сот әділдігінің проблемалары талқыланды
АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшелері аралық соттардың және төрелік органдарының өкілдерімен (третейлік сот пен арбитражды орган) кездесті.
Онда балама сот әділдігі проблемалары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Әлемдік тәжірибеде коммерциялық және азаматтық-құқықтық дау-дамайларды сотқа дейінгі шешудің баламалы түрі аралық және төрелік сот орындары болып табылады. Бұндай соттардың негізгі басымдығы дауларды жеңілдетілген тәртіппен қарау, сот үдерісінің шапшаңдығы мен үнемділігі, дау шешудегі төрелік жасаушының әділдігі мен ашықтығы, бұндай сот шешімдерінің орындылығы, аралық соттарды еркін таңдау құқы, төрелік сотта қаралған мәселелердің құпиялылығын қамтамасыз ету секілді мәселелермен байланысты болып табылады. Өркениет әлемінде жалпыға мойындалған аралық соттар шетелдік инвесторлар үшін кепілдіктің негізгі көзі болып табылады. Сондықтан да, Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, нарықтық экономикаға бағдар ұстағаннан кейін, шетелдік инвесторларды тарту жүргізілгеннен бастап елімізде аралық сотттар енгізіле бастады. Бүгінгі күні Қазақстанда шамамен алғанда 15-ке жуық аралық соттар қызмет етеді. Аралық соттар құрамында бүгінгі күні тұрақты жұмыс істейтін, тәуелсіз, мемлекеттік емес орган болып табылатын Қазақстан Республикасының Халықаралық Аралық соты қызмет етеді. Қазіргі күнге дейін Қазақстанның аралық және төрелік соттары отандық, халықаралық құқық нормалары бойынша, сондай-ақ кез келген мемлекеттің құқы бойынша дау-дамайларды қарап келеді. Ал бұндай соттардың қызметін басым жағдайда мұнайгаз саласының жетекші компаниялары, тау-кен өндірісі, банктік, құрылыс істері саласындағы және басқа да сектордағы компаниялар пайдалануда. Комитетте өткен пікір алмасу сипатындағы кездесу барысында аралық және төрелік соттарды тәжірибеде кеңінен енгізу, олардың заңнамалық қолданылуын жетілдіру мәселелері талқыланды. Жиынға қазақстандық және халықаралық аралық ұйымдар (соттар) өкілдері қатысты.