Сенатта бірнеше заң жобасы мақұлданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Парламент Сенатының отырысы өтті.

Сенатта бірнеше заң жобасы мақұлданды

Жалпы отырыс аясында сенаторлар «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерi туралы үкіметаралық келiсiм Хаттамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Хаттамамен еліміздің Бейнеу стансасындағы темір жол өткізу бекетін Оазис стансасына ауыстыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ Қапланбек, Қазығұрт және Атамекен автомобиль өткізу бекеттеріне халықаралық (көпжақты) мәртебе беріліп, тәулік бойы жұмыс істейтін тәртіпке көшеді. Одан басқа, тек жеңіл автокө­ліктерге арналған Целинный және Сырдария екіжақты (мемле­кет­аралық) өткізу бекеттері ашылады. Бұл бекеттерден жүк пен коммер­циялық мақсаттағы тауар өткізіл­мейді және кедендік рәсімдер аясын­дағы тауарға байланысты кедендік операциялар жүзеге асырылмайды. 

Сенаторлар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір конституциялық заңдарына мемлекеттік билік тар­мақ­тары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды қа­былдады. Бұл құжатпен «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға Үкіметтің Парламентке республикалық бюд­жетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынатынын, бюджеттің ат­қарылуын қамтамасыз ететінін; Республикалық бюджет комиссия­сын құратынын, ол туралы ережені бекітетінін, оның құрамын ай­қын­дайтынын; Қазақстан Республикасы Президентімен келісу бойынша мемлекеттік жос­парлау жүйесін айқындайтынын; республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну тәртібін айқындайтынын көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгі­зі­леді.

Сонымен қатар, осы отырыс­та «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне олар­ды Қазақстан Республикасы Консти­туциясының нормаларына сәй­кес келтіру мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасы екі оқылымда қаралды.  Қазақстан Республикасының Қыл­мыстық-процестік пен Азамат­тық процестік кодекстеріне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтірудің тәртібін, мерзімін, олардың орындалуын тоқтата тұруды, сондай-ақ заңды күшіне енбеген сот актілерін қай­та қарау туралы өтінішхат келті­руді белгілейтін өзгерістер енгізіледі.

Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған заң жобас­­ына комитеттің ескертпелері мен ұсы­ныстарын ескере отырып, кас­сациялық шағым мен прокурордың өтінішхатын қарау тәртібін реттеуді, сондай-ақ азаматтық процеске қатысушы адамдардың құқықтарын іске асыруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туын­дады. Сөйтіп, заң жобасы се­натор­лардың түзетулерімен Мәжі­ліске жіберілді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасы  екі оқылымда қаралып қабылданды. Осы заң жобасымен шетелдік жұмыскерлерді мемлекеттік органдарға жұмысқа қабылдау кезінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының уәкілетті органмен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының міндетті арнайы тексеру жүргізу тәртібін айқындауын көздейтін норма белгіленеді.

Сондай-ақ «Қазақстан Рес­­публикасының Жоғары Сот Ке­ңесі туралы» Заңға Жоғары Сот Ке­ңе­сіне судьяға куәлік беру тәртібін бел­гі­лейтін өкілеттілік беруді көз­дей­тін толықтыру енгізіледі. Сенаторлардың талқылауымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беруді жинақтау жүйесі мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да сенаторлар тарапынан бірауыздан қабылданды. «Білім туралы» Заңға «жан басы­на шаққандағы қаржыландыру нор­мативі», «инклюзивті білім беру» деген ұғымдар енгізілген; «мем­лекеттік білім беру тапсырысы» ұғымына орта білім беру жөнін­дегі көрсетілетін қызметтер кө­лемі қосылған. Осыған байланыс­ты Салық кодексіне орта білім беру бойынша қызметтер көлемін ұсы­ну кезінде бюджет қаражаты есебінен алынған материалдық пайда жеке тұлғаның кірісі ретінде қаралмайтыны туралы өзгеріс көзделген.