Сенатта Бюро отырысы өтті

Отырыста Парламент Мәжілісінде мақұлданған заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттері мен палата Аппаратына бөлініп берілді. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті қолданыстағы заңнамаға рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау мен қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді. Сонымен қатар, Бюрода 2012 жылғы 28 маусымда болатын палатаның күн тәртібіне ұсыныстар қаралды. Бұл бойынша палатаның жалпы отырысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау мен қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарауға ұсынылады. Депутаттар сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» және «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылайтын болады. Одан басқа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да талқыланатын болады.