16:59, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Сенатта дағдарыс жағдайындағы фискалдық-бюджеттік саясаттың рөліне арналған жиын өтті
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатынында «Қазақстан дамуының қазіргі жағдайындағы фискалдық-бюджеттік саясаттың рөлі» атты тақырыпта дөңгелек үстел жиыны болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған басқосу мақсаты жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайындағы фискалды-бюджеттік саясатты, оның ішінде бюджеттік заңнаманы одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындау болып табылады. «Осыдан біраз бұрын Парламент дағдарысқа қарсы бағытталған заңдар топтамасын жедел түрде қабылдаған болатын. Бұл заңдар дүниежүзілік экономикалық дағдарыс заманында қазақстандық банк жүйесінің нақты ақша қорын қолдау және экономиканың нақты секторын несиелеуге, халыққа қолдау көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды. Көпшілік бюджеттік және фискалдық саясатты жетілдіру проблемаларының кілті қолданыстағы заңнаманы өзгертуге қатысты деп пайымдайды. Шындығында бұл мәселеде депутаттар ынтымақтастықта нәтижелі түрде жұмыс істеуге дайын. Бірақ, ең алдымен сол депутаттар фискалдық-бюджеттік саясаттың неғұрлым тиімді болатынына, жұрттың тұрмысын жақсарта алатынына сенімді болуы керек», деді жиынды ашып сөз сөйлеген ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев.
Жиын барысында сондай-ақ, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік экономиканың негізгі бағыттары жөнінде, ал Қаржы министрі Болат Жәмішев дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру мәселесіне орай баяндама жасады.