Сенатта еңбекақыны төлемейтіндерге шара қолдану мәселесі көтерілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары мәселесі көтерілді. Осы орайда Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың атына депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатта еңбекақыны төлемейтіндерге шара қолдану мәселесі көтерілді

«Бүгінгі таңда елімізде заңмен бекітілген ережелерге қарамастан жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек дауларын жиі кездестіруге болады. Еңбегі бағаланбай, табанақы, маңдай термен тапқан ақшасын ала алмай зар илеген азаматтарымыздың саны азаймауда. Көптеген жұмыс берушілер адамдардың қиын жағдайын пайдалана отырып, еңбек шарттарын жасамай, еңбек заңнамасының талаптарын бұза отырып жұмысшыларды жалдап, соңынан жалақысын бермеуді әдетке айналдыра бастаған. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, еңбек дауларына қатысты сот істері де өсуде. Мәселен, 2017 жылы соттарда еңбекке ақы төлеу талаптарының бұзылуына қатысты 1 783 әкімшілік іс, ал 2018 жылы 1939 іс қаралған, яғни мұндай істер 1 жылдың ішінде 8,7 пайызға артқан», - деп тоқталды сенатор Рысқали Әбдікеров.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалақы берешегі 139 кәсіпорындағы 6 200 жұмыскердің алдында 1 млрд 940 млн теңгені құраған, оның 77 пайызы яғни 105-і (1,5 млрд теңге) банкротқа ұшыраған кәсіпорындар.

«Мұның сыртында, әсіресе бүгінде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жұмысшылар да кезінде шартқа отырмағандықтан, жалақыларын уақтылы немесе мүлде ала алмай, ал кейбір жағдайларда жалақының орнына ауыл шаруашылығы өнімдерін алу фактілері де кездеседі (бидай, шөп, көкеніс және т.б.). Ал мұның салдары жұмысшы күшінің жетіспеушілігін туғызып, маман кадрлардың тұрақтамауына әкеліп соқтыруда», - деді депутат.

Осы орайда ол бұл мәселені шешу Үкімет тарапынан тікелей араласуды қажет ететінін атап өтті.

Бұл тұрғыда бірінші кезекте жұмысшылардың жалақысын беру мақсатында, содан соң басқа да міндетті төлемдердің өтелуін қамтамасыз ету бойынша «Банкроттық және оңалту туралы» Заңына өзгеріс енгізу; «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының 4-бабын 7-тармақшамен, яғни «Жұмыс берушінің дәрменсіздігі (банкроттығы) салдарынан табысын жоғалтқан жағдай» деген мазмұнмен толықтыру ұсынысы жасалды.

«Еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін жауапқа тарту шараларын заңнамалық тұрғыда қатаңдату бойынша бақылауды күшейту және шаруа қожалықтарындағы еңбек қатынастарын бір жүйеге келтіру мәселелерін қарастыруыңызды сұраймын», - деді Р. Әбдікеров.