Сенатта ҚР-дың қылмыстық-атқару жүйесі тақырыбында дөңгелек үстел өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 3 қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесі: жай-күйі, проблемалары және жетілдіру бағыттары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы болды. Оны Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті ұйымдастырды.
Шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының жетекшісі Вячеслав Калюжный, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен ғалымдар қатысты.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай Парламент негізгі төрт жаңа кодексті: Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерді қабылдағаны туралы қатысушыларды хабардар етті. Осы негізгі заңнамалық актілердің қабылдануымен қылмыстық сот жүргізу және қылмыстық-атқару жүйесі тұжырымдамалық тұрғыда жаңғырады.
«Азаматтардың құқықтары мен бостандығын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін тиімді қорғауды қамтамасыз ету арқылы құқық тәртібі органдарына сенім деңгейін арттыру құқық қорғау жүйесін жаңғыртудағы нәтижелердің бірі болады. Бұл Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты. Онда күллі құқық қорғау жүйесін одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары көрініс тапты», - деп атап өтті С.Ақылбай.
Қызу пікірсайыстан кейін дөңгелек үстелге қатысушылар бірлескен жұмыстар өз азаматтарының мүдделеріне қызмет ететін және олардың лайықты өмірін қамтамасыз ететін мемлекеттің біртұтас құқықтық кеңістігін уақытында қалыптастыратын іс жүзіндегі шешімдер әзірлеуге ықпал ететінін атап өтті.