Сенатта нотариат саласының өзекті мәселелері талқыланды

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңнамасы: қазіргі жай-күйі, проблемалары және келешекте жетілдіру бағыттары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болып өтті.

Сенатта нотариат саласының өзекті мәселелері талқыланды

Тоқтала кететін жайт, елімізде «Нотариат туралы» заң осыдан 16 жыл бұрын қабылданған болатын. Содан бері жыл сайын нотариат институтын жетілдіруге бағытталған түзетулер енгізіліп келеді. Осыған орай, жиынды ашып сөз сөйлеген Сенат төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов нотариат қызметі саласындағы көтерілген мәселелерді зерттеудің маңыздылығы мен кемшіліктерін жоюдың өзектілігін атап өтті.

«Нарықтық қатынастардың жедел дамуы жылдам және сапалы құқықтық көмек секілді жеке нотариат институтының енгізілуі де уақыттың талабы болды. Дей тұрғанмен, нотариат жүйесіндегі қазір орын алып отырған күрделі мәселелерді одан әрі зерделеу және олқылықтарды жою маңызды болып отыр», - деді Қ.Ищанов.

Ал өз кезегінде сенатор Серік Ақылбай бүгінгі таңда нотариат қызметі мен өндірісі саласында айқындалған проблемалық мәселелердің бар екеніне тоқталды. «Нотариаттық іс-қимылды іске асыру аясында нотариустың жаңа міндеті - медиатор болуды енгізу қажет деп білемін. Жеке нотариустердің орталықтандырылған мұрағаттарын жинау және сақтау, сондай-ақ нотариус көмекшісінің рөлі мен мәртебесін көтеру секілді нотариаттың өзекті мәселелері де заң жүзінде жетілдіруді қажет етеді», - деді сенатор.

«Дөңгелек үстел» барысында Әділет министрі Берік Имашев сөз сөйлеп, Мәжілістің Заңнама және сот-құқық реформалары жөніндегі комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев нотариаттық заңнама туралы айтты. Жоғарғы Соттың Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот қадағалау алқасының судьясы Жаңылсын Архарова нотариат қызметін жетілдіру жолдары туралы әңгімелесе, Республикалық нотариалдық палатаның төрағасы Әсел Жанәбілова нотариат институтын жетілдірудің келешегі жайында баяндады.