Сенатта Өмірбек Байгелдіұлының 70 жасқа толу мерейтойына арналған салтанатты рәсім өтті
АСТАНА. Қазанның 24-і. ҚазАқпарат - Бүгін Сенатта Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тұңғыш Төрағасы Өмірбек Байгелдіұлының 70 жасқа толу мерейтойына арналған салтанатты рәсім өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараны аша келіп, Қ.Тоқаев Ө.Байгелдидің мемлекеттігіміздің орнығуы мен даму жолына, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне және қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуына қосқан айтулы үлестерін атап өтті.
«Өмірбек Байгелдіұлы Парламент Сенатының тұңғыш Төрағасы ретінде, бұл аса жауапты әрі мәртебелі лауазымды биік деңгейде, абыроймен атқарды. Жас мемлекетіміздің заңнамалық қызметін жетілдіруге зор үлес қосып, әрдайым елдік, мемлекеттік, жалпыұлттық өзекті мәселелерді батыл көтеруімен көпшіліктің ілтипатына бөленді», деді Төраға.
Ол сонымен қатар, Ө.Байгелдіұлының ұлттық өнер мен әдебиетті насихаттауға және тарихи мұраларымызды сақтауға қосқан елеулі үлестеріне тоқталды.
Салтанатты шарада сөз алған Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов Ө.Байгелдіұлының үлкен еңбек жолын атап өтті.
«Ол өзінің еңбек жолын ауылдағы сол кездегі ұжымшардың мүшесі болып бастап, ел Парламенті Сенатының тұңғыш Төрағасы болып сайланды», деді Қ.Сұлтанов.
Ө.Байгелдіұлы тәуелсіз мемлекетіміздің егемен ел ретінде қалыптасуына белсенді атсалысқан, көптеген еңбектердің авторы, экономика ғылымдарының докторы, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі.
Сенатор көп жылғы ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, Құрмет, Отан және ТМД халықтар достығы ордендерімен марапатталған.