Сенатта органикалық өнім өндірісі мен айналымы туралы заңдар талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM - Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста отандық органикалық өнім нарығын дамытуға бағытталған заңдарды талқылады.
Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінен мәлім болды.
«Органикалық өнім өндірісі және оның айналымы туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндірісі және оның айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар органикалық өнім саласындағы заңнаманы жақсартуға, ішкі нарықты дамыту үшін өндірушілерді осындай тауар жасауға ынталандыруға және шетелде бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға бағытталған. Заңдарда органикалық өндіріске көшу шарттары белгіленген, өнім өндіруге, таңбалауға және айналымға қойылатын талаптар айқындалған, сондай-ақ есепке алу және бақылау жүйесі жасалған.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарады. Жергілікті атқарушы органдардағы тиісті бақылау функциясының алынып қалуына байланысты органикалық өнім өндіру саласындағы заңнаманы бұзудағы жауапкершілік заңмен алып тасталады. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар азаматтық-құқықтық қатынастар аясында органикалық өнім өндірушілерге тексеру жүргізеді. Органикалық өнімді сату сатысында мемлекеттік бақылауды және қадағалауды халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқаты саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Сенаторлардың айтуынша, заңдардың қабылдануы еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы және экологиялық таза өнімді тұтынуға оң әсер етеді.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.