Сенатта орындаушылардың, фонограмма жасаушылар мен хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы заң жобасы қаралды

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Сенатта орындаушылардың, фонограмма жасаушылар мен хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы заң жобасы қаралды

Заң жобасы Қазастанның Рим конвенциясына қосылуындағы міндеттерін қарастыратын, Кеден одағының және Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру аясындағы зияткерлік меншікті сақтау мен қорғау саласындағы реттеудің бірыңғай қағидаттары туралы 2010 жылғы 9 желтоқсанда қол қойылған Келісімге байланысты әзірленді.

1961 жылғы 26 қазанда Римде қабылданған орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенция адамның мәдени құқықтарын, егемен мемлекеттер арасындағы зияткерлік меншік мәселелері бойынша қатынасты реттеуге бағытталған.

Осы Конвенцияға қатысушы барлық елдердің аумағындағы қайсыбір қатысушы мемлекеттердің орындаушы әртістері, фонограмма жасаушылары, хабар тарату ұйымдарының қызметкерлері осы халықаралық құқықтық құжаттың қорғауын пайдаланады.

Комитеттің кеңейтілген отырысында, сондай-ақ «Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды.

Заң жобасының мақсаты 2000 жылғы 15 маусымда Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы қабылдаған аталған Конвенцияны ратификациялау болып табылады. Конвенция ананы қорғауды және оны күзетуді қамтамасыз етуге, әйелдердің бала туудағы рөлін қорғауға қажетті шараларды қабылдауға бағытталған.

Қазақстан Республикасының осы Конвенцияға қатысуы ана мен баланы қорғау және сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа маңыз береді және Қазақстанның осы саладағы халықаралық нормаларды сақтап, орындауды ұстанатындығын растайды.

Заң жобасы палатаның қарауына жіберілді.