Сенатта пошта саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа қатысты заң жобасы қаралды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына тоғызыншы қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы 1992 жылдан бері Дүниежүзілік пошта одағының толық құқықты мүшесі болып саналады. ҚР Үкіметінің өтініші негізінде Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына қосылды. Дүниежүзілік пошта одағы әлемнің 192 елін біріктіреді, 1874 жылы құрылған халықаралық үкіметаралық ұйым болып отыр, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мамандандырылған мекемесі мәртебесіне ие.

«Дүниежүзілік пошта одағының басты мақсаты - ол бүкіл әлемдегі адамдардың қарым-қатынасын жеңілдету үшін әмбебап, тиімді, қолжетімді пошта қызметтерінің сапасын тұрақты дамытуға ықпал ету. Осы орайда бірыңғай пошта кеңістігін қалыптастырды және жер шарының барлық бұрыштарына пошта жөнелтімдерін өңдеу мен жеткізу жөніндегі желіні құрайды. Дүниежүзілік пошта одағы консультациялық қызметтерді атқарады, техникалық көмек көрсетеді, халықаралық пошта алмасуларына арналған ережелерді белгілейді, пошта қызметтері көлемінің өсуін ынталандыру бойынша ұсыныстар береді», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов.

Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына тоғызыншы қосымша хаттама 2016 жылғы 6 қазанда Ыстанбұл Дүниежүзілік пошта одағының 26 Конгресінде жасалды, сондай-ақ ҚР Үкіметінің уәкілетті өкілдері қол қойды. Жарғыға пошта қызметін ұсыну процесіне және пошта жөнелтімін жеткізу мерзіміне әсер етпейтін редакциялық сипаттағы өзгерістер енгізіледі.

Аталған комитет мүшелері заң жобасына қолдау білдірді. Енді бұл құжат Сенаттың жалпы отырысында талқыға түсетін болады.


Соңғы жаңалықтар