Сенатта V шақырылым жұмысы қорытындыланды

Кеңесте бесінші шақырылымда Сенат 127 отырыс өткізгені, онда 508 заң жобалары мен Сенаттың ерекше және дербес қарауына жататын 50-ден астам мәселелер қаралғаны аталып өтілді. Шақырылым кезінде Парламент 7 кодекс, 59 дербес заң, кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 205 заң, халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялау туралы 237 заң қабылдады. Олардың ішінде 30 заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді. «Бес институттық реформаларды іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында Парламент 2015 жылғы күзде 59 заң қабылдады. Шақырылым кезінде 484 депутаттық сауалдар жария етіліп, жоғарғы Палатаның тұрақты комитеттері 120-дан астам шара өткізді.
2016 жылғы 21 қаңтар мен 24 наурыз аралығындағы Парламенттің қызметін атқарған кезеңде Сенат 57 заңды қарап, қабылдады. Бұл уақытта заң жобаларын қараған кезде сенаторлар 1490 түзету енгізді. Қ.Тоқаев құжаттармен жұмыс барысындағы жемісті жұмысы үшін комитет төрағалары мен барлық депутаттарға алғыс айтты.
Заң шығару қызметінің жоспары жайында айта келіп, Сенат Төрағасы 25 наурызда Парламенттің VI шақырылымындағы бірінші сессияны ашарда Президент Н.Назарбаев алға қойған міндеттерді еске салды. Бірыңғай салық және кеден кодекстерін, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы» кодексті қабылдау, электр энергетикасы, бәсекелестік мәселелері туралы заңнамаға өзгерістер енгізу, сондай-ақ бәсекелестік ортаға мемлекеттік міндеттері одан әрі беру бөлігіндегі заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы айтылды.
«Мемлекет басшысы жаңа жағдайда тұтастай Парламенттің және оның палаталарының жалпы саяси рөлі мен жауапкершілігі арта түсетінін ерекше атап өтті және заң шығару үдерістерінде өзара сындарлы іс-қимылы дәстүрі жалғаса беретініне сенім білдірді», - деп атап өтті Қ.Тоқаев. Қазақстандық депутаттардың халықаралық парламентаралық қоғамдастыққа белсенді қатысуы да маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Кеңесте Сенаттың сәуірге жоспарланған шаралары да талқыланды. Бюроның тапсырмасы бойынша Сенат «ЕАЭО және ДСҰ жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру - заңнамалық реттеу және оның іс жүзінде жүзеге асыру» тақырыбы бойынша Парламенттік тыңдауға әзірлік жұмыстарын жүргізеді. Сенаттағы тыңдау 29 сәуірге жоспарланды.
Кеңесті қорытындылай келіп, Сенат Төрағасы жаңа парламенттік маусымда депутаттардың үйлесімді әрі өнімді жұмыстары жалғасатынына сенім білдірді.