Сенатта зейнетақымен қамсыздандыру мәселесіне қатысты құжат қаралды
АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Аталмыш құжат халықты зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейін көтеру және Мемлекет басшысының 2008 жылдың 6 ақпанындағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басым мақсаты» атты Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. Оған сәйкес, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап, зейнетақы төлемдерінің мөлшері 30 пайызға арттырылуы тиіс.
Отырыста осы құжат бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы Тамара Дүйсенованың айтуынша, заң жобасының талаптарына сәйкес, сондай-ақ осыған дейін және енді зейнетке шығатын зейнеткерлердің зейнетақылары бірдей болуы үшін ең жоғары табыстың мөлшері 39 айлық есептік көрсеткішке көтеріліп отыр. Ал әскери қызметшілерге берілетін зейнетақының ең жоғары мөлшері 86 айлық есептік көрсеткіштен 104 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылған.
«Заң жобасының қаржылық міндеттемелері республикалық бюджетте көрсетілген. Яғни, ендігі жылы базалық зейнетақыға 168 миллиард теңге қаралған. Бұл биылғы жылмен салыстырғанда 48 миллиард теңгеге артық. Ал ынтымақтық зейнетақыға 581 миллиард теңге қарастырылып отыр», деді Жауапты хатшы.
Отырыста аталмыш құжатты жан-жақты талқылаған сенаторлар оны Сенаттың жалпы отырысында қарау қажет деп шешті.