Сенаттағы кездесу барысында ауылдағы байланысты жақсарту мәселелері талқыланды
ТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевпен кездесті.
Кездесудің күн тәртібі бойынша ауылдық өңірлерді телефондандыру және ұялы байланысты пайдалану мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, жүздесу барысында депутаттар Байланыс және ақпарат министрлігінің қызметіне қатысты жан-жақты мәліметтер алып, өздері көтерген сауалдарына толыққанды жауаптар алды.
«Ақпараттық кеңістікке қатысты мәселелердің маңыздылығына тоқтала келе, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев жақында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында жаһандық ақпараттық кеңістікке қатысты халықаралық құқықтық базаны қалыптастырудың қажеттілігін айтқан болатын. Ал еліміздегі бұл саланың дамуына келетін болсақ, сектор қызметін реттеуге қатысты бірқатар заңдар қабылданды. Ондай заңдық құжаттардың баршасы ақпараттық саладағы заманауи инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталады. Бұдан бөлек, ағымдағы жазда қабылданған тағы бір заңнамаға сәйкес, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының функциялары Байланыс және ақпарат министрлігіне берілді. Ал бүгінгі күні осы мәселемен айналысатын комитеттің қарамағына 548 халыққа қызмет көрсету орталықтары беріліп отыр», - деді жиынды кіріспе сөзбен ашқан Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаева.
Кездесу барысында Байланыс және ақпарат министрі А. Жұмағалиев сенаторлар алдында ведомствоның алдағы уақыттағы даму жоспарлары туралы баяндама жасап, министрлік қызметіндегі телерадио тарату, сандық теледидарға көшу, «э-Үкіметті» дамыту шараларына кеңінен тоқталды. Оның ішінде ауылдық жерлердегі байланыс сапасын жақсарта түсу туралы жан-жақты баяндалды. «Қазақтелеком» АҚ-нда енгізіліп жатқан жаңа жобалар туралы да әңгіме өрбіді.