Сенаттың 2014 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді

АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Бюро отырысы Сенатқа түскен заң жобаларын бөлуге және Жоғарғы Соттың судьяларын босату және сайлау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынымына, Палатаның кезекті отырысының күн тәртібіне қатысты бірқатар қаулылар қабылдады, сондай-ақ Сенаттың 2014 жылғы негізгі іс-шаралардың жоспарын негізінен мақұлады.

Сенаттың 2014 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын босату және сайлау туралы Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған кандидатураларды талқылап, олар бойынша қорытынды әзірлеу тапсырылды.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне Мәжілісте мақұлданған Қазақстан мен Қырғызстанның Қырғыз Республикасында мектеп салу туралы үкіметаралық келісімін және тараптар арасындағы 2012 жылғы 22 тамыздағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы берілді. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне заңнамаға Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бөлінді. Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті заңнамаға мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына бас комитет болып белгіленді.

Сенаттың 26 желтоқсандағы кезекті отырысында Жоғарғы Соттың судьяларын босату және сайлау, Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттар алмасу кезінде ақпараттық технологияларды қолдану туралы келісімді ратификациялау; Кеден одағының сыртқы және өзара саудасының интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру, оның жұмыс істеуі және дамуы туралы келісімді ратификациялау; Қазақстан мен Қырғызстан Үкіметтері арасындағы Қырғыз Республикасында мектеп салу туралы келісімді және тараптар арасындағы 2012 жылғы 22 тамыздағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы мәселелерді қарау жоспарланды. Сенат заңнамаға мемлекеттік сатып алу мәселелерін бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарайды. Одан басқа, заңнамаға қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; заңнамаға сәулет,қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша түзетулер, сондай-ақ заңнамаға агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын екінші оқылымда қарау жоспарланды.

Бюро мүшелері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2014 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын да негізінен мақұлдады. Құжатта Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын, сондай-ақ Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарды іске асыруға бағытталған депутаттардың заң шығару жұмыстары көрініс тапты.

Сенатта жыл ішінде жаңа бюджет саясаты, мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру, ақпараттық қауіпсіздік, дене шынықтыруды дамыту, бұқаралық спорт және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша үкіметтік сағаттар өтеді. Еліміздің жасыл экономикаға көшу мәселелері бойынша парламенттік тыңдау 2014 жылғы ІV тоқсанға жоспарланды.

Сенат комитеттері еліміздің аймақтарында тақырыптық көшпелі отырыстар өткізетін болады. Онда мемлекеттік шекара туралы заңнаманы іске асыру, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті дамыту, құқық қорғау органдары мен соттарды реформалау, бюджет үдерістерін жетілдіру және балық шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылау көзделіп отыр.

Сенаттағы бірқатар дөңгелек үстелдер мен ғылыми-тәжірибелік конференциялар аймақтарды газбен қамту, ғылыми-техникалық білім беру жүйесін дамыту, қылмыстық-атқару жүйесінің проблемалары, әкімшілік заңнамасын реформалау, кооперация мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру, ғылыми зерттеулердің тиімділігін құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету, сондай-ақ салық жеңілдіктерін оңтайландыру және олардың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналатын болады.

Сенаторлар орталық және жергілікті атқарушы органдардың, даму институттары және оқу орындарының басшыларымен кездесулер өткізеді. Депутаттар тоқсан сайын аймақтарға дәстүрлі сапарға шығады. Жергілікті өкілді органдармен, оның ішінде «Өңір» депутаттық тобы арқылы өзара іс-қимыл жалғасатын болады.

Сенаттың халықаралық шаралары арасында 2014 жылғы қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХІІІ отырысын, Сенат Төрағасы мен депутаттары БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, Еуропа Кеңесі, НАТО парламентаралық форумдарының, «Қазақстан Республикасы - Еуропа Одағы» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің шараларына қатысатынын атап өту керек. Одан басқа, екіжақты ресми сапарлар, сондай-ақ шет мемлекеттер парламенттерімен ынтымақтастық топтары бойынша кездесулер жоспарланды.