Сенаттың жалпы отырысында бірқатар заң жобалары қаралады
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ертең, желтоқсанның 21-інде ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысы өтеді.
Онда палатаның қарауына бірқатар заң жобалары шығарылып отыр. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, палатаның күн тәртібіне «Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің қызмет шарттары туралы келісімді және 2009 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті қызметінің шарттары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланатын болады. Бұдан бөлек, сенаторлар «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-атқару жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын бірінші оқылымда талқылайтын болады.
Сонымен қатар, бұған дейін бірінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жобалық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екінші оқылымға шығарылып отыр.