Сенаттың жалпы отырысында жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында аталмыш құжат бойынша баяндама жасаған Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукиннің айтуынша, құжат сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған.
Сондай-ақ нормативтік құқықтық актілері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың орын алуына ықпал ететін себептерді жою бөлігінде заңнаманы жетілдіруді қарастырады. Заң жобасының нормалары мен жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі 35 пайыздан кем емес ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге берілетін ұйымдарда, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдарындағы басқару функцияларын атқаратын адамдарды мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адамдарға теңестіру ұсынылады.
Заң жобасы күшіне енетін болса, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Кеден, Еңбек кодекстері мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, сондай-ақ «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы», «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» өзге де бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
Отырыста құжатты жан-жақты талқылаған депутаттар оны екінші оқылымда қарау қажет деп шешті.