Сенаттың жаңаруы елдің бүкіл азаматтарының мүддесін қорғауға бағытталған - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Парламенттің жоғары палатасының спикері мен вице-спикері сайланып, депутаттық құрамды жаңарту аяқталды. Осыған орай ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Гүлмира Тоқанова пікір білдіріп, оның еліміз үшін маңызын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Сарапшының атап өтуінше, қаңтар айының ортасында 40 сенатордың жартысы әдеттегідей 3 жылда бір рет өңірлік мәслихат депутаттарының тарапынан сайланды.

Оның қатарында жаңадан құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының да өкілдері бар. Осылайша Сенат ел билігінің заңнамалық тармағындағы өңірлік өкілдікті толығымен қамтыды.

Сонымен қатар, Президент Жарлығымен 10 сенатор тағайындалса, оның бесеуі арнаулы квота арқылы келді. Яғни, Қазақстан халқы Ассамблеясынан 5 сенатор тағайындалды.

«Жалпы, елдің жоғары заңнамалық органындағы түрлі әлеуметтік топтардың өкілдік ету мүддесін жүзеге асыру тетіктері өткен жылдың маусымында болған референдумдағы конституциялық өзгерістердің арқасында болып отыр. Соған орай Сенаттың депутаттық құрамын жаңартудың түрлі тетіктері елдің барлық азаматтарының өкілдік етуін және мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған», - деді ол.

Оның пайымынша, Сенат құрамын жасақтауды аяқтау елдің саяси оқиғалар тізбегіндегі маңызды оқиғаларды түйіндейді.

Бұл әсіресе, Мәжілістің алдағы сайлауы тұрғысында өте маңызды. Мәжіліс қызметін доғарған аралықта барлық заңнамалық қызмет Сенатқа жүктеледі.

Ал бұл үлкен өзгерістер жағдайында да биліктің осы тармағы жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

«Жария билік органы ретінде Сенат табысты институцияландыру белгілерін паш етті», - дейді Гүлмира Тоқанова.


Фото: kisi.kz


Соңғы жаңалықтар