Сенаты Бюросының отырысы болды
АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенаты Бюросының отырысы болды.
Бюрода Сенаттың тұрақты комитеттері мен палата Аппаратына Парламент Мәжілісінде мақұлданған заң жобалары бөлініп берілді.
Қазақстан мен Испания арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияны, Қазақстан мен Иран арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобалары одан әрі пысықтау үшін Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне берілді.
Қаржы және бюджет комитеті Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы шартты ретификациялау туралы заң жобасына қорытынды әзірлеу жөніндегі бас комитет болып белгіленді.
Әлеуметтік-мәдени даму комитеті - «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға толықтыру енгізу туралы» заң жобасына, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті - Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы өзара қатынастар туралы келісім жөніндегі заң жобасына бас комитет болып белгіленді.
Бюрода Сенаттың 2012 жылғы 27 қыркүйекте болатын кезекті отырысының күн тәртібі талқыланды.
Атап айтқанда, Қазақстан мен Австрия арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы үкіметаралық келісімді, Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің ортақ сақтандыру нарығын құру туралы хаттаманы, Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобаларын қарау жоспарланып отыр.