Сенбіде елдің басым аумағында қар мен жаңбыр, күшті жел, тұман және көктайғақ болады деп күтілуде

ТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - «Қазгидрометтің» болжауынша, сенбі, 29 қазан күні Қазақстанның басым аумағының ауа райын атмосфералық ағындармен байланысты суық циклон қалыптастырады.

Сенбіде елдің басым аумағында қар мен жаңбыр, күшті жел, тұман және көктайғақ болады деп күтілуде

Соған орай, жекелеген жерлерде қар мен жаңбыр түрінде жауын-шашын болады, елдің оңтүстік-шығысында жауын молынан түседі. Сондай-ақ, жел күшейіп, кей аумақтарды тұман басады, жолдарда көктайғақ болады деп күтілуде.

Таратылған хабарламаға сүйенсек, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, күндіз Ақтөбе облыстарының кей өңірлерінде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін көтеріледі.

Маңғыстау мен Алматы облыстарында - тұманды.

Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Жамбыл өңірінде сондай-ақ, тұман мен көктайғақ болжануда.

Болмашы көктайғақтар сонымен бірге, Қостанай облысының жекелеген аумақтарында да күтілуде.

Ал гидрологиялық болжамдарға сәйкес, алдағы үш тәулікте Қазақстанның сулы нысандарында су бетінің салқындауы байқалады.

Елдің солтүстігіндегі кішігірім өзендерде алғашқы мұз қатпарлары пайда болады.

Шығыс Қазақстан облысының жекелеген таулы өзендерінде жауын-шашынға байланысты судың көлемі ұлғайса, республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы өзендерде су көлемінің ауытқуы байқалады.