Сенбілік күні Алматыда 135 шақырым арық жүйесі мен 34 шақырым кіші өзендер арналарына санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді
АЛМАТЫ. 11 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда өткен сенбі күні көлемі 2567 текше метр қоқыс арнайы полигонға шығарылып, 135 шақырым арық жүйесі қоқыс пен топырақтан тазартылды, 34 шақырымдай қаланың кіші өзендерінің арналары мен жағалауларында да санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Жалпықалалық сенбілікке 220 мың адам қатысып, коммуналдық арнайы техникадан басқа да 343 бірлік техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Бұнымен қатар, бұл күні аулааралық аумақтарға, көпшілік демалатын орындар мен бос жатқан алаңдарға санитарлық тазалау жұмыстары, ағаштарды әктеу, жасыл желектер отырғызу жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімдіктері әр бекітілген аумақтарда тазалау жұмыстарын ұйымдастырып өткізді. Жеке пәтер иелерінің кооперативтерімен бірлесе отырып, өздеріне қарасты және аула аумақтарында тұрғындардың және кондоминимумның нысандарында орналасқан заңды тұлғалардың қатысуымен тазалау жұмыстары ұйымдастырылды. Аудан әкімдіктерімен жаппай жұмыс орындарында мерекелік ахуал қалыптастырылды, сенбілікке қатысушылар қажетті мөлшерде құрал-саймандармен, басқа да керек-жарақтармен қамтамасыз етілді»,-делінген хабарламада.