Сенегалдағы президент сайлауында ең жас кандидат жеңіске жетті

сайлау
Фото: Синьхуа

ДАКАР. KAZINFORM – Сенегалдағы президент сайлауында оппозициялық коалицияның кандидаты Бассиру Диомайе Фай жеңіске жетті. Оған мемлекеттегі Ұлттық дауыс беру комиссиясының сәрсенбіде жариялаған нәтижелері дәлел. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.

Бассиру Диомайе Фай 2 434 751 дауыс (54,28 пайыз) жинаған. Бұл туралы Дакарда өткен баспасөз мәслихатында комиссия төрағасы Амади Диуф мәлімдеді.

Жеңімпаздың ең жақын қарсыласы, басқарушы коалиция атынан сайлауға қатысқан Амаду Ба 35,79 пайыз дауыс жинаған.

44 жастағы Б.Д.Фай Дакардан шығысқа қарай 115 шақырым жерде орналасқан Ндиаганиао қаласында дүниеге келген. Дакардағы Cheikh Anta Diop университетінде заң магистрі дәрежесін алған. 2004 жылы саясаткер Ұлттық әкімшілік мектебіне оқуға түсіп, одан кейін салық инспекторы болды. 

Фай 2023 жылы шілдеде президент жарлығымен таратылған «Еңбек, этика және бауырластық үшін Сенегалдың африкалық патриоттары» (PASTEF) Сенегал партиясының Бас хатшысы қызметін атқарды.

Б.Д.Фай 2023 жылдың сәуірінде түрмеге қамалған және 14 наурызда қызметтен кеткен президент Макки Саль рақымшылық туралы заң шығарған кезде босатылған.

Соңғы жаңалықтар