Сенімхатсыз анықтама берген ХҚКО-ның қызметкері жұмыстан шығарылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенімхатсыз анықтама берген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкері жұмыстан шығарылады. Бұл жайында аталған корпорациясының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенімхатсыз анықтама берген ХҚКО-ның қызметкері жұмыстан шығарылмақ

«Жүргізген тексерулерімізге сәйкес шындығында да азаматша Анна Дмитриевичке мекенжай және жылжымайтын мүлікке анықтама берілген. Анықтаманы берген ХҚКО қызметкерлерінің айтуынша, оларға Global Capital ұйымының қызметкері жүгінген. ХҚКО-ға екінші деңгейлі банктермен несие рәсімдеуге және кредиторлармен жұмыс істеуге шарт жасасқан консалтингтің компаниялардың өкілдері тұрақты түрде жүгініп отырады.  Олардың қолындағы банктен алынған сенімхат негізінде кепілдік мүлікке қажетті анықтама беріледі. Жұмыс күнінің соңы болғандықтан ұйым өкілі сенімхатты таңертең әкеліп беруге уәде етіп, бұған қоса Анна Дмитриевич банк клиенті екендігін айтқаннан кейін біздің қызметкер оған анықтаманы берген. Бұл өрескел бұзушылыққа жол беріп, сенімхатсыз анықтама берген қызметкер жұмыстан босатылады», - делінген корпорация таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Анна Дмитриевичтен ресми түрде кешірім сұрап, аталған фактіні жария еткені үшін алғысын білдіреді.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы қаласының тұрғыны Анна Дмитриевич Фейсбуктегі парақшасында Халыққа қызмет көрсету орталығы өзінің атынан анықтамаларды белгісіз біреуге бергендігін жазған болатын.