«Сенің күнің, Донор!» қайырымдылық жобасы барысында алматылықтар 1096,2 литр қан тапсырды
АЛМАТЫ. 19 маусым. ҚазАқпарат - Мамырдың 10-ы мен маусымның 10-ы аралығында өткен «Сенің күнің, Донор!» қайрымдылық жобасын жүзеге асыру кезінде 3142,536 литр қан жиналды.
Оны «Бауыржан» қайырымдылық қоры, «Өмір тамшысы» қоғамдық бірлестігі және «КаР-Тел» ЖШС-і бірлесіп ұйымдастырған болатын. Бұрын тек Алматы қаласында өтіп келген бұл шарада биыл Алматыдан бөлек Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар және Қызылжар қалалары да қамтылған еді.
«Біз іс-шара басталуы алдында алдымызға 1 мың литр қан жинауды мақсат етіп қойдық. Қазіргі кезде бұл мақсатқа қол жеткізіп қана қоймай, межеден едәуір асып, 3000 литр қан және оның құрамындағы компоненттерді жинадық. Біздің еңбегіміз зая кетпеді. Осы акциядан қалыс қалмай, белсенді атсалысқан адамдарға ризашылығымыз шексіз», - дейді «Бауыржан» қайырымдылық қорының президенті Жұлдыз Омарбекова. Оның айтуынша, «Сенің күнің, Донор!» іс-шарасына 6 мыңнан астам адам қатысты. Олардың ең жасы 18-де болса, ең үлкені - 67 жаста болды. Онда еркектер арасында донорлардың 71 пайызын 18-30 жастағылар, 21 пайызын 41-50 жастағылар, 7 пайызын 51-60 жастағылар, 1 пайызын 60-тан жоғарғылар құраған. Ал әйелдер арасындағы донорлардың 57 пайызын 18-30 жастағылар, 25 пайызын 41-50 жастағылар, 18 пайызын 51-60 жастағылар беріп отыр.
«Атқарылған бұл іс-шара арқылы Қазақстандағы донорлық мәселесіның маңыздылығына қоғамның назары аударылды. Дамыған елдерде қанның 94 пайызы тегін тапсырылады. «Сенің күнің, Донор!» сияқты жобалар нәтижесінде қазақстандық донорлардың қатары алдағы уақытта бұдан да арта түседі деп ойлаймын. Донорлық қанның жетіспеуі бүкіл Қазақстан үшін көкейкесті мәселенің бірі болып табылады», - дейді Республикалық Қан орталығының директоры Дилявер Бекиров.
Жалпы бұл жобаны жүзеге асыру кезінде алматылықтар - 1096,2 литр, ақтөбеліктер - 587 литр, қарағандылықтар - 345 литр, семейліктер - 324 литр, шымкентіктер - 255 литр, қызылордалықтар - 213,886 литр, өскемендіктер - 195, 75 литр, астаналдықтар - 114 литр қан тапсырған көрінеді.