«Сенің таңдауың» атты жаңа республикалық қоғамдық қозғалыс жұмысын бастады
АЛМАТЫ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - "Елімізде кей жағдайда заңдар сақтала бермейді. Осы тұрғыда 18 жасқа толмағандарға темекі сататындармен күресу үшін аталған жобаны қолға алып отырмыз", -
деп мәлімдеді «Бауыржан» қорының президенті Жұлдыз Омарбекова Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 10 жылға жоспарланған бұл жобада әр жыл сайын түрлі тақырыптарда мәселелер көтеріліп, оны шешу бағытында жұмыстар атқарылмақ. «Қазіргі күні жастар темекіні дүкендерден еш қиындықсыз ала алады. Сол үшін біз дүкен сатушыларына кәмелеттік жасқа толмағандарға темекі сатуға болмайтындығын және ҚР заңын сақтау бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мәселен, шетелде темекі алуға келген адамнан сатушы бірінші кезекте жеке куәлігін сұрайды, міне бұл үрдісті Қазақстанда да қалыптастыруға әбден болады», -дейді Ж.Омарбекова.
Сонымен қатар ол жаңадан құрылған қозғалыс қыркүйек, қазан айларында дүкен-сөрелердің сатушыларына ақпараттық мәліметтерді берумен айналысатындығын жеткізді. «Біздің қоғамда кәмелеттік жасқа толмаған баласын темекіге жұмсайтын ата-аналар да кездеседі. Олар үшін, «Біз 18 жасқа толмағандарға шылым сатпаймыз, біз ҚР-ның заңын сақтаймыз» деген ұранмен жазылған карточкаларды әзірледік», -дейді «Бауыржан» қорының президенті.
«Сенің таңдауың» қозғалысы сауалнама жүргізу арқылы сауда орындарының үштен бір бөлігі жасөспірімдерге темекі сататындығын анықтаған. Алматы қаласындағы сауда орталықтарының 40 пайызы «Темекі шегуді шектеу туралы» Заңның сақталу-сақталмауына орай тексерілмеген екен. Жалпы қазіргі таңда Алматы қаласында 6 мың сауда орны бар көрінеді, ал аталған қозғалыстың еріктілері күніне 68 дүкенді тексеріп үлгеретіндіктерін айтады.
«Біздің қозғалыстың мүшелері мен қалалық ІІД-нің қызметкерлері бірлесе отырып, айына бір рет дүкендерге тексеру жұмыстарын жүргізеді. Егер жасөспірімге темекі сатылған жағдай анықталса, сатушыға 70-тен 200 мың теңгеге дейінгі аралықта айыппұл салынады. Сонымен қатар жүргізілген тексерулердің нәтижесінде балаларға темекі сатпаған сатушыларды марапаттайтын боламыз», -деп атап өтті Жұлдыз Омарбекова.
«Қазіргі күні ІІД өз жұмысын қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқаруда. Заңның сақталуын түсіндіру бағытындағы бұл қозғалыстың көтеріп отырған бастамасы өте орынды деп білемін», -дейді Алматы қалалық ІІД-нің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Айгүл Шөпшекбаева.