«Сенің таңдауың!» қозғалысы заңсыз темекі саудасымен күреседі
АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - «Сенің таңдауың!» қозғалысы заңсыз темекі саудасына қарсы қоғамдық акцияны бастайды.
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратында өткен баспасөз мәслихатында «Бауыржан» қорының президенті Жұлдыз Омарбекова мәлім етті.
Оның хабарлауынша, өткен жылғы акция барысында волонтерлер 3 мыңнан астам сауда нысандарын аралап, кәмелеттік жасқа толмағандарға заңсыз темекі сатуға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын өткізді. Осының нәтижесінде темекіні заңсыз сату оқиғалары 15 пайызға азайды. «Биыл да біздің волонтерлеріміз осындай ауқымды іс-шараны өткізбек. Олар күніне 100-ден астам сауда орындарын аралап шығады. Біздіңше, бұл жұмысты тұрақты түрде өткізіп тұрса, кәмелеттік жасқа толмағандарға заңсыз темекі сату проблемасын 2-3 жылдың ішінде шешу болады», - дейді Ж.Омарбекова.
Келесі жылы «Бауыржан» қоры жол-көлік апаттарының алдын алуға арналған осы іспеттес тағы бір қоғамдық акцияны ұйымдастыруды жоспарлап отыр.