Сенімді күшейткен 365 күн - Бибігүл Жексенбай

бибігүл жексенбай
Фото: Сенат

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент лауазымындағы бір жылы жайында пікір білдірді. 

«Уақыттың зымырап өтіп жатқанын байқамай да қаламыз. Қазақстан Президентінің сайлауы деп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасын зерделеп, сайлау барысын бақылап, телемарафонда жиналып, тікелей эфирде 16 сағат бойы үміт, сенім, ой-пікірлерімізбен жарыса бөліскеніміз күні кеше сияқты еді. 365 күнде не өзгерді? Бір қарағанда қас-қағым сәт те сияқты. Бірақ саяси — экономикалық жасалып жатқан реформалар бір жылда да біраз жұмысты атқаруға болатынын дәлелдеді. Бастысы Қазақстанның демократиялық даму бағдары айқындалды. Ол қазақстандық қоғамға биліктің мұрагерлігін қамтамасыз етті және оған кепілдік берді. Президент сайлауы елдегі саяси өзгерістерге түрткі болды, нәтижесінде Парламенттің қос палатасы да, мәслихаттар да қайта сайланды және жаңартылды, 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалада алғаш рет әкімдер сайлауы өтті. Әрине сайлаушылардың өз дауыстарының маңыздылығын толық сезінуі үшін бұл өте аз уақыт. Бірақ сайлау мәдениетінің негізі қаланды. Ауыл әкімі, мәслихат, Парламент депутаттығына сайлауға көзқарас өзгерді. Халық — билік, билік — халық деген формуланы дәл осы сайлаулар айқындай түсті», — дейді Бибігүл Жексенбай.

Депутаттың айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары орындала бастағаны белгілі.

Бағдарламаның түп қазығы — экономикада адал және нақты ереже белгілеу болатын.

Жылдар бойы талан-таражға түскен мемлекет байлығы қайтарыла бастады. Шамамен 1 трлн теңге сомасындағы заңсыз алынған активтер мемлекетке қайтты.

«Экономиканы монополиясыздандыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Монополиясыздандыру жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі бойынша республикалық меншікке өтті. Мемлекет салықтық, бюджет, ақша-кредит және тарифтік саясатты теңгерімді және ашық жүргізіп, ішкі өндірісті және шикізаттық емес экспортты ынталандырады. Қ.Тоқаев Президент болған бірінші жылда сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде іргелі дайындық жұмыстары жүргізілді» деп атап өтті Сенат депутаты. 

Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері мемлекеттік органдардың ағымдағы жоспарларымен үйлестірілді, оны іске асыру үшін заңнамалық негіз жасалды.

Бұл заңнамалық негіздер болашаққа арналып жасалды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында республиканы дамытудың жаңа экономикалық үлгісіне көшуді белгіленген, онда монополистердің жосықсыз іс-қимылы алынып тасталады.

«2022-2023 жылдары 41,3 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Өнеркәсіп салаларының орта және жоғары қайта бөлу өнімдерін өндіруге қажетті базалық материалдардың қажеттілігіне талдау жүргізілді. Отандық өндірушілер мен өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері арасында шикізат жеткізу бойынша міндеттемелерді енгізуге бағытталған „Өнеркәсіптік саясат туралы“ ҚР Заңына түзетулер әзірленді. Бұл өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының қолжетімді бағадағы шикізатпен толық қуатында қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін тауарларды өткізудің ашықтығын қамтамасыз ететін тұтас кешен болып табылатын Ұлттық қадағалау жүйесі енгізілді. Мұның өзі бірінші жылы оң өзгерістер бойынша жақсы қарқынға қол жеткізілді деп айтуға болады. Мемлекет осы қарқынды сақтап қалуы тиіс, әрине қоғам мемлекетке бұл істе көмектесуі керек» дейді халық қалаулысы. 

Соңғы жаңалықтар