СЕНСАЦИЯ: Коста-Рика Италия құрамасынан басым түсiп, топтан шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгiн Бразилияда футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңнің кезекті кездесуінде Коста-Рика мен Италия құрамалары ойнады.
Бұл ойында Коста-Рика футболшылары мундиальдiң басты фавориттарының бiрi италиялықтардың мысын басып, 1:0 есебiмен тiзе бүктiрдi.
Ойынның бiрiншi тайымында Руис гол авторы атанған болатын. Мундиальдағы ең жас құрамалардың бiрi саналатын костарикалықтар мұның алдында Уругвайды сан соқтырып кеткенi есiмiзде. Ендi бұл жеңiстен кейiн Коста-Рика алты ұпаймен бiрiншi орын алып, топтық кезеңнен шықты. Италия мен Уругвай үш ұпаймен екiншi орындарда. Ал Англия құрамасы үшiн бұл чемпионат аяқталды. Олар екі ойыннан кейін 0 ұпай жинап, келесі кездесудің нәтижесіне қарамастан үйлерiне қайтатын болды.