СЕНСАЦИЯ: Коста-Рика құрамасы Уругвайды сан соқтырып кеттi - ВИДЕО
ФОРТАЛЕЗА-АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Әлем бiрiншiлiгiнiң үшiншi күнiнде Коста-Рика кездесудiң фаворитi атанған Уругвай құрамасынан жеңiстi жұлып әкеттi.
Бiрiншi тайм толығымен Уругвайдың басымдығымен өткен болатын. Ойынның 24-минутында Эдинсон Кавани пенальтиден гол салып Уругвай командасын алға шығарды. Дегенмен екiншi тайм бастала салысымен Коста-Рика футболшылар 4 минуттың iшiнде екi доп салып, матчтағы басымдықты өз қолдарына алды. Атап айтқанда, кездесудiң 54-минутында Джоэль Камбелл, 58-минутында Дуарте гол авторлары атанды. Уругвай оқтын-оқтын шабуыл жасағанымен, Коста-Рика ұжымының қорғаныс шебiн бұза алмады. Өз кезегiнде алаңға ендi ғана шыққан Маркос Уренья 86-минутта есептi тiптi 3:1-ге жеткiздi.
Осылайша, 2010 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегерлерi - Уругвай құрамасы қолда тұрған жеңiстi Бразилиядағы мундиальдiң ең жас Коста-Рика командасына берiп қойды.