Sensitive би ұжымы Франциядан екі бірінші орынды алып келді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Есту қабілетінен айырылған жастардан құралған «Sensitive» би ансамблі беделді халықаралық фестивальде қос бірінші орынды жеңіп алды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Sensitive» би ансамбліне құрмет көрсетті. Өнер ұжымы кеше Астанада «Толқынды арпалыс» атты алғашқы би спектаклін ұсынып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Ал өткен аптада би ұжымы Франция көрермендерін өнерлеріне тәнті етіп, халықаралық фестивальде жеңіске жетті.

«Мұндай жетістіктерге сіздер қажырлы еңбектің, дарынның арқасында жетіп отырсыздар. Астана тұрғындарына да өздеріңіздің алғашқы әлеуметтік жобаларыңызды, спектакльдеріңізді ұсындыңыздар. Ол да көрерменнің жоғары бағасын алды. Елімізде инклюзиялық білімді дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Ерекшеліктеріңізге қарамастан көптеген жетістіктерге жеттіңіздер. Сіздерге сәттілік тілеймін», - деді СҚО әкімі.

Ансамбль ұжымы және жетекшісі Ольга Ростовщикова Құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды.
Sensitive би ансамблінің құрылғанына 17 жыл. Осы аралықта би ұжымы АҚШ, Болгария, Италия, Испания, БАӘ секілді елдерде 17 Гран-при және 37 бірінші орынды жеңіп алған. Қазір мұнда есту қабілеті нашар 40 жас өнер көрсетіп жүр.
Бұған дейін СҚО-дағы ең жас волонтер – Тамир Райымбеков туралы айтқан едік.