Сепаратизм бойынша күдікті Орал тұрғынына Ресей пана берген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сепаратизм және ұлттар арасында алауыздық тудыру күдігі бойынша айыпталған Орал қаласының тұрғыны М.В. Яковченконы Ресейден елімізге қайтару мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«БҚО-ның Орал қаласында тұрған М.В. Яковченко «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған «Орал – жойылып бара жатқан аумақ» постына Қазақстан Республикасының біркелкілігі мен тұтастығын бұзуды, сондай-ақ азаматтарды ұлттық белгісі бойынша кемсітуді насихаттау белгілері бар пікір жазғаны үшін ұлттық алауыздық тудыру және сепаратизм бойынша күдікке ілініп отыр», - делінген ресми хабарламада.

М.Яковченко Ресейге қашып, көрші ел билігінен пана сұраған. РФ өтінішін қанағаттандырып, 1 жыл мерзімге пана берген. Бұл мерзім биылғы 19 қазанда аяқталады. Қазақстанның Бас прокуратурасы осы мерзім аяқталған кезде күдіктіні елге қайтаруды сұрап отыр.

Бас прокуратураның аталған іс бойынша қолға алған іс-әрекетін ұсынамыз:

08.09.2022 жылы күдіктінің әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексі 174-бабының 1-бөлігімен (ұлттық алауыздық тудырды), 180-бабының 2-бөлігімен (сепаратизм) сараланған.

21.09.2022 жылы БҚО прокуратурасы М.В. Яковченкоға тағылған айып бойынша қылмыстық істі қарау үшін Орал қалалық сотына жіберді.

11.10.2022 жылы Яковченконың келмеуіне байланысты сот оны мәжбүрлеп алып келу туралы қаулы шығарды. Оны орындау барысында Яковченко 21.09.2022 жылы «Сырым» өткізу пунктінде Ресеймен мемлекеттік шекараны кесіп өткені анықталды.

14.10.2022 жылы сот бұлтартпау шарасын «күзетпен ұстауға» өзгертіп, күдіктіге іздеу жарияланды.

01.12.2022 жылы М.В Яковченко Ресей Федерациясының Ростов облысында ұсталды. Бірақ ол 1 жыл мерзімге (19.10.2023 жылға дейін) уақытша пана берілуіне байланысты, босатылды.

28.02.2023 жылы ҚР Бас прокуратурасы қаралып жатқан қылмыстық іс аясында жауапкершілікке тарту үшін Яковченконы беру туралы Ресей Федерациясының Бас прокуратурасына сұрау жолдады.

17.07.2023 жылы телефон арқылы сөйлесу барысында Ресей Федерациясының Бас прокуратасының орындаушысы сұраудың қарауға алынғанын растады.

Еске сала кетейік, өткен жылы 4 мамырда әлеуметтік желіде арандатушылық пікір жазған Орал тұрғынына қатысты іс қозғалған еді.


Соңғы жаңалықтар