Сербия президенті Қазақстанға ресми сапармен келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сербия президенті Александр Вучичтің сапары 8-10 қазанға жоспарланып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз xатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, Сербия басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен келеді.
«9 қазанға Александр Вучичтің Қазақстан Президентімен кездесу жоспарланған. Бұдан бөлек, мәртебелі мейман Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI сьезінің ашылуына қатысады. Ал бір күн бұрын, яғни 8 қазанда Қазақстан мен Сербияның экономика жөніндегі үкіметаралық комиссияның екінші отырысы өтеді деген жоспар бар. Аталған іс-шараның күн тәртібіне сауда-экономикалық байланыстар, геология, көлік, туризм, құрылыс және ауыл шаруашылығы мәселелері кіреді. Қазақстан тарапынан комиссияны ҚР Ұлтық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ал Сербия тарапынан экономика министрі Горан Кнежевич басқарады», - деді А.Смадияров Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Ресми ақпаратқа сәйкес, ағымдағы жылы алты айдың ішінде Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-саттықтың көлемі 16,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазіргі кезде Қазақстанда 20-дан астам сербиялық компания тіркелген. Олардың басым бөлігі көтерме және бөлшек саудамен, сондай-ақ, тұрғын-үй мен коммерциялық нысандардың құрылысымен айналысады.
«Сербия президентінің сапары барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылады. Соның ішінде Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ, Қазақстанның Қоғамдық даму министрлігі мен Сербияның жастар саясаты және сопрт министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар», - деп атап көрсетті А.Смадияров.