Сербияда вокзалдағы төтенше жағдай мен 14 адамның қазасынан кейін наразылық шаралары басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Сербиялық шерушілер Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалында бетон шатыр құлап, 14 адам қаза тапқаннан кейін отставкаға кетуді және қамауға алуды талап етіп жатыр, деп хабарлайды Euronews.
Ел астанасы Белградта шеруге шыққан сербтер кінәлілерді табуды талап етті. Адамдар Нови-Сад қаласындағы қайғылы оқиғаға қатысы бар адамдарды қамауға алуды талап етіп, үкіметтік ғимараттардың кіреберісіне қызыл қол іздерін қалдырды.
Еске сала кетсек, Сербия халқы ең көп шоғырланған Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалында бетон шатыр құлап, 14 адам қаза тапқанын жазған болатынбыз. Осыған байланысты Сербия билігі сенбіні аза тұту күні деп жариялады.
Шерушілер вокзал ғимаратының жуырда ғана жөндеуден өткенін және құлаған шатырдың жөнделмегенін еске салды. Олардың айтуынша, жұмыс ұқыпсыз жүргізілген.
Полиция Белград орталығындағы Құрылыс және инфрақұрылым министрлігінің жанында қоршау орнатты. Онда жиналған адамдар жоғары лауазымды шенеуніктерді, оның ішінде премьер-министр Милош Вучевичті дереу отставкаға кетуге шақырды.
Жұма күні Нови-Сад вокзалының алдыңғы жағындағы бетон шатыр құлап, оның астындағы орындықтарда отырған адамдарды басып қалды. Қаза тапқандар арасында 6 жасар қыз бала бар. 18 бен 24 жас аралығындағы үш зардап шегушінің аяқ-қолын кесіп алып тастауға тура келді.
Сербия үкіметі жан-жақты тергеу жүргізіп, кінәлілерді жазалауға уәде берді, ал прокурорлар қазірдің өзінде жиырмадан астам адамнан жауап алғанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалында болған қайғылы оқиға салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Сербия Президенті Александр Вучичке көңіл айтты.