Сербиядағы сауда орталығында балалар эскалатордан құлап кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Белградтағы сауда орталығында эскалатордан құлаған он бала жарақат алды. Олардың үшеуіне ота жасалды, деп хабарлайды RTS агенттігі.

Дети упали с эскалатора в торговом центре в Сербии
Фото: NIN

Жарақат алған он бала Сербияның Университеттік клиникалық орталығына жеткізілді. Қазір олардың барлығы медициналық тексеруден өтіп жатыр.

Бейресми ақпаратқа сәйкес, зардап шеккендер – мұғалімдерімен бірге сауда орталығына кино көруге келген бастауыш сынып оқушылары.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, балалардың бірінің аяқ киімінің бауы эскалатор тетігіне ілініп қалған. Осыдан кейін балалар бірінің үстіне бірі құлаған.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Прокурор оқиға орнына барып, тексеру жүргізді.

— Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін прокурор барлық дәлелді жинауды тапсырды. Атап айтқанда, эскалаторларды пайдалануға беруге және оларға техникалық қызмет көрсетуге қатысты құжаттар алынып, бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріледі. Прокурор оқиға орнында камера жазбаларын өзі қарап шықты. Сондай-ақ мұғалімдерден, мектеп директорынан және сауда орталығының уәкілетті өкілдерінен жауап алынады, – делінген Белград прокуратурасының мәлімдемесінде.

Ведомство тиісті есептер мен жарақаттардың сипаты көрсетілген медициналық құжаттарды алған соң, бұдан арғы әрекеттер туралы жұртшылыққа хабарлайтынын да айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтаудағы сауда үйлерінің бірінде жеті жастағы қыздың саусағын эскалатор кесіп кеткені хабарланған болатын.