Серфинг бойынша әлемнің 11 дүркін чемпионы екі жасар бала мен оның анасын құтқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 43 жастағы американдық серфер Келли Слейтер нағыз ерлік танытты.

Серфинг бойынша әлемнің 11 дүркін чемпионы екі жасар бала мен оның анасын құтқарды

Оқиға Гавайдағы жағажайлардың бірінде орын алған. Сара Уайт пен оның 22 айлық баласы Ван жағажайда қыдырып жүргенде, оларды алып толқын жапқан. Абырой болғанда, жақын маңда аты аңызға айналған серфер болып, әуелі баланы, содан кейін анасын ажалдан құтқарған. Ол сондай-ақ екеуін үйге дейін жеткізді, деп жазады Еуроспорт.

«Келли Слейтердің қажет уақытта зайыбым мен баламның қасынан табылғанына шүкіршілік етемін. Бұл ұлы адамға өмірімінңі соңына дейін алғысымды білдіріп өтемін. Бүгін сондай-ақ көп адамның өмірін аман сақтап қалған құтқарушыларға да рахмет», - деп жазды Инстаграмда отбасы иесі Крис Уайт.

Слейтердің өзі болса, өз әрекеті туралы: «Белгілі бір себептермен әдетте тоқтамайтын жерде тоқтадым. Олар қалай болса да құтқарылатын еді, себебі оқиға орнында құтқарушылар да жүрген», деп жазды.