Сергеев су қоймасындағы ахуал қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Серік Ғайсиннің айтуынша, Сергеев су қоймасындағы судың деңгейі 363 сантиметрге дейін жеткен. Қазір 356 см-ге төмендеген.

«Екінші толқын сәуір айының соңына дейін жалғасады деп күтілуде. Есіл өзенінің сағасындағы су басқан үйлер саны артпайды деп болжап отырмыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бүгінде аталған өңірде 14 388 адам эвакуацияланып, 764 адам үйлеріне оралды. 13 624 адам әлі эвакуациялық пункттерді паналап отыр.
«Қазіргі уақытта зардап шеккен 428 адам екі жаңа жатақханаға жайғасты. Қазіргі таңда 2 059 отбасы 100 АЕК мөлшерінде жалпы сомасы 760 млн теңге біржолғы төлем алды», - деді Серік Ғайсин.
Петропавл қаласында және аудандарда зардап шеккен тұрғын үйді жөндеу және бағалау бойынша бригадалар құрылған.