«Сергек» жұмысына тұман мен жауын әсер етпейді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Сергек» камераларына ауа райының қолайсыздығы әсер етпейді, бұл туралы «Көркем Телеком» ЖШС жобаларды басқару жөніндегі директоры Бибігүл Айтөкенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Камералар адамның көзі жететін дүниенің барлығын көреді. «Сергек» жұмысына ауа райының қолайсыздығы әсер етпейді. Жауын жауып, тұман түскенде де бәрін көреді», – дейді Бибігүл Айтөкенова.
Оның айтуынша, камералар құзырлы органмен келісілген негізгі заңбұзушылықтарды тіркейді.
«Бұл – жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жол белгілері мен жолақтарды елемеу, көлікті тоқтату және көлік құралдарын тұраққа қою, сондай-ақ қоғамдық көлікке арналған жолмен жүру деректері»,- деп қосты ол.