Сергей Кулагин білім мекемелерінің жертөлесіндегі қазандықтарды жеке шығаруды тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин 9 қаңтар күні өткен аппараттық жиналыс барысында 13 білім беру мекемесінің жертөлелерінен қазандықтарды шығару бойынша арнайы комиссия құруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңес барысында аймақ басшысының орынбасары Владимир Балахонцев облыстың көп қабатты тұрғын үйлерi мен бiлiм беру, денсаулық сақтау нысандарын жылумен қамту бойынша ағымдағы жағдайды баяндады.
«Әлеуметтiк және коммуналдық шаруашылық салалары нысандарындағы қазандықтарда жұмыстар штаттық режімде жүргiзiлуде. Бүгiнгi күнi облыс бойынша көмiр қоры 206,9 мың тоннаны құрайды, бұл 2 айлық қажеттiлiктiң 144 пайызы. Облыстағы мазут қоры 7 мың тоннаны немесе айлық қажеттiлiктiң 122 пайызын құрайды. «АРЭК» АҚ және «Көкшетау Энерго» ЖШС жылумен қамту желiлерiнде жылумен қамтамасыз етудiң бекiтiлген режімiнен ауытқушылықтар тiркелмеген»,- дедi ол.
Облыс әкiмi Сергей Кулагин жертөлелерден қазандық қондырғыларын бөлек шығару бойынша жұмыстардың барысын да сұрады.
«Бiлiм нысандары бойынша, 2012 жылы бiлiм беру мекемелерінің ғимараттарынан қазандықтарды бөлек шығарудың кезеңдiк жоспары құрастырылған. Жоспарға сәйкес, соңғы 3 жылда 70 бiлiм беру мекемесi өз қазандықтарын жеке шығару бойынша жалпы соммасы 1 млрд теңгенiң жұмыстарын жүргiзді. Бүгiнде 13 бiлiм беру және 1 денсаулық сақтау мекемесiнiң жертөлесiндегi қазандықтар бөлек шығаруды қажет етеді. Дәл қазiргi күнi Еңбекшiлдер ауданының Макинка ауылында дәрiгерлiк амбулатория қазандығының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалу үстiнде, жұмыстар 2017 жылға жоспарланған», - деп қосты Владимир Балахонцев.
С.Кулагин осы мәселе бойынша шұғыл түрде арнайы комиссия құруды тапсырды.
«Ағымдағы жылы облыстың 13 бiлiм беру нысанының жертөлесiндегi қазандықтарды ғимараттардан бөлек шығару үшiн бюджеттен қаржы қарастырып, жобалық-сметалық құжаттама дайындау қажет», - деп тапсырды облыс басшысы жауапты лауазымды тұлғаларға.