Сергей Петрович Әлем Кубогының С тобында чемпион атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық құрама спортшысы Сергей Петрович (89 кг) Таиландтың Пхукет қаласында өтіп жатқан лицензиялық Әлем Кубогының С тобында топ жарды.
ҚР Спортты дамыту дирекциясы мәлім еткендей, Сергей қазір Олимпиада лицензиясынан үмітті жалғыз қазақстандық зілтемірші. Бүгін оның жұлқа көтерудегі көрсеткіші - 167 кг. Бұл осы топтағы ең жақсы нәтиже.
Ал серпе көтеруде 196 кг бағындырып, қоссайыста 363 кг нәтиже көрсетті. Екінші орынға кубалық Олфидес Саес (160 +200 кг), 3-орынға қырғызстандық Эмиль Молдодосов (160+187) жайғасты.
Бұл салмақтағы Олимпиада жолдамасының иегерлері ертең А және В тобының сайысы аяқталған соң белгілі болады.
Таиландтағы Әлем Кубогында Ұлттық құрама сапынан тағы Айсамал Сансызбаева (+87 кг) мен Сұлтан Мейрам (109 кг) шығады.
Айта кетейік, аталған сында әйелдер арасында 49 келі салмақта Айнұр Әбдіхалықова, 59 келі салмақта Дарья Балабаюк, +87 келіде Айсамал Сансызбаева ел намысын қорғап жатса, ерлер арасында 55 келіде Ерназ Алпысов, 89 келіде Сергей Петрович және 109 келі салмақта Мейрам Сұлтан сынға түсуде.