Серік Ахметов Чемпиондар лигасында жерлестеріне қолдау білдіру үшін «Астана-Арена» стадионына келді

АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің қарағандылық «Шахтер» мен албандық «Скендербеу» арасындағы ойынын тамашалауға Қазақстанның Үкімет басшысы Серік Ахметов келді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Серік Ахметов Чемпиондар лигасында жерлестеріне қолдау білдіру үшін «Астана-Арена» стадионына келді

С. Ахметов 2009- 2012 жылдары Қарағанды облысының әкімі болды. Осы кезеңде «Шахтер» клубына көп көмек көрсетті. С. Ахметов тұсында кеншілер тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанған болатын.

Премьер-Министрден басқа, «Астана-Арена» стадионына жерлестерін қолдауға бокстан 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те келді.

Өз командасына жанкүйер болу үшін Астанаға арнайы 4 мыңға жуық қарағандылықтар келген. Кеншілердің ойын алаңы УЕФА талаптарына сай келмейтін болғандықтан, матч «Астана-Арена» стадионында өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Шахтер» турнирдің алдыңғы ойынында белоруссиялық БАТЭ командасын сенсациялық жағдайда ұтқан болатын. Ал «Скендербеу» де ойламаған жерден Бакудің «Нефтчи» клубын сан соқтырды. Бәсекелестердің арасындағы жауапты матч 6 тамыз күні Тиранада өтеді.