Серік Ахметовтің қылмыстық ісіне қатысты тағы бір сотталушының жазасы айыппұлмен алмастырылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Үш жылға бас бостандығынан айырылған «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ активтер департаментінің бұрынғы директоры Ерлан Қисықбаевтың жазасын өтеу мерзімі айыппұл төлеуге алмастырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Серік Ахметовтің қылмыстық ісіне қатысты тағы бір сотталушының жазасы айыппұлмен алмастырылды

Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 73-бабы «Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру» бойынша оның жазасын өтеу мерзімін айыппұлға алмастырды.

Қарағанды облыстық соты хабарлағандай, оның мінездемесінің, түзету мекемесіндегі тәртібінің жақсы болуы және АК 159/1 жұмысына белсене қатысқаны ескеріліп, сотталушының өтініші қанағаттандырылды.

«Қарағанды облыстық соты қылмыстық іс бойынша алқасының қаулысына сәйкес, жазасының өтелмеген мерзімі 170 мың теңге көлеміндегі айыппұлмен алмастырылды», - деп хабарлады сотта. 

Қарағанды облыстық қылмыстық іс бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының 2015 жылғы 11 желтоқсандағы үкімімен Ерлан Қисықовке 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді.

Сот оны ҚР ҚК 362 -бабы 3-тармағы «Жауапты мемлекеттік лауазымдағы тұлғаның өз өкілеттігін асыра пайдалануы» бойынша айыпты деп таныған.

Еске сала кетейік, 2015 жылы желтоқсан айында Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы премьер-министр С. Ахметов пен басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты іс бойынша үкімі шығарды .

Аталмыш іс бойынша 7 түрлі эпизодқа сәйкес барлығы 21 адам айыпталған болатын. Сот талқылауы 2015 жылғы 10 тамызда басталып, төрт айға созылды. Сот тергеуі мен сот жарыссөздері 2015 жылғы 9 желтоқсанда аяқталды.

Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық соты 2016 жылдың 14 наурызында жемқорлық қылмыстық іске қатысты сотты болған 11 адамның жазасын жеңілдетті. Соның ішінде Серік Ахметовтің жазасы 10 жылдан 8 жылға дейін азайтылды .