Серік Ахметовтің жақтастарының бірі қамаудан босатылады
Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот қаулысымен Ысқақовқа қатысты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы норма қабылданды.
«Сотталушы Ысқақов Болатбек Жұмабекұлының мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылды. Бұған дейін биылғы ақпан айында Ысқақовқа қатысты «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық туралы» заң нормасы қабылданды және Заң күшіне енген сәттен бастап оның жаза өтеу мерзімінің 1/4 бөлігі, яғни 1 ай 14 күні қысқарды. Қазіргі уақытта Ысқақов әлі 1 ай 23 күн жазасын өтеуі тиіс», - деп хабарлады Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметі. Енді 1 ай 23 күн Ысқақов пробациялық бақылауда болады, оған Қарағанды облысы ҚАЖ департаментінің пробация қызметіне хабарламай тұрғылықты жерін ауыстыруға және 23:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде болуға тыйым салынған.
Заң күшіне енген соң, іс жүзінде босатылған Болатбек Ысқақов үкім шыққалы отырған АК 159/1 оқшаулағышынан шығарылады.
Еске сала кетсек, «Металлургия-Металлөңдеу» индустриалдық паркі» ЖШС бұрынғы директоры Болатбек Ысқақов ҚР ҚК 176-бабы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иелену немесе ысырап ету») бойынша қылмыс жасауда айыпты деп танылды. Оған 3,6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Атап айтқанда, бұрынғы Премьер-Министр Серік Ахметов ҚР ҚК 176-бабы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иелену немесе ысырап ету»), 310-бабы («Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу») және 307-бабы («Қызметтік лауазымын асыра пайдалану») бойынша қылмыстарды жасағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды.