Серік Қонақбаев АИБА вице-президенті және Азия бокс конфедерациясының президенті болып сайланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Кореяның Чеджу қаласында АИБА Конгресінде Халықаралық бокс қауымдастығының басшы құрамын сайлау өтіп жатыр, деп хабарлады Қазақстандық бокс федерациясының баспасөз қызметі.
«Азия құрлығы атынан АИБА вице-президенті лауазымына Халықаралық қауымдастықтың атқару комитетінің мүшесі Қазақстандық бокс федерациясының төрешілер корпусымен жұмыс жөніндегі вице-президенті Серік Қонақбаев ұсынылды. Отандық спорттың майталманы өзінің спорттық мансабында кезекті жеңіске жетті, әлемдік бокс жұртшылығы біздің отандастасымыздың кандидатурасына қолдау көрсетіп, оған АИБА вице-президенті және Азия бокс конфедерациясының президенті қызметтеріне сенім көрсетті», - делінген Қазақстандық бокс федерациясының хабарламасында.
Конгреске (13-14 қараша) барлық 198 ұлттық фдерациялардың өкілдері қатысуда.
Серік Қонақбаев - ХХІІ Жазғы олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы (1979, 1981 жылдары), Әлем чемионатының күміс жүлдегері (1982 ж.), Әлем Кубогының жеңімпазы (1979, 1981 жж.), КСРО-ның үш мәрте чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері. 2010 жылдан Қазақстандық бокс федерациясының вице президенті.