Серік Қонақбаев AIBA жұмысы жайлы: Әуесқой бокс имиджіне нұқсан келтірілуде

AIBA отырысы Италия астанасында 15-16 қаңтар күндері өтеді. Атқарушы комитет отырысының күн тәртібінде бірқатар мәселелер, атап айтқанда, қаржы, заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралары талқыланбақ.
«Біздің ұйым жүйелі дағдарысты бастан өткеруде. Бұл біздің жұмыстың барлық тармағында көрініс табуда. Қаржы саласындағы жанжалдар, төрелік бойынша оқиғалар, дұрыс есептелмеген менеджмент, ақыр соңында басқарудағы коллапсқа алып келді. Қазіргі уақытта «өтпелі билік» жұмысты барынша жақсартуға тырысып бағуда», - дейді Серік Қонақбаев.
Алайда, оның айтуынша, қазіргі басқарушы орган алдыңғы жетекшілердің қателіктерін қайталап отыр.
«Бір ғана мысал келтірсек. Атқарушы комитеттің мүшелері құжаттарды күні бұрын ешқашан ала алмайды. Кез келген есептік құжат оқуға ыңғайсыз форматта монитор бетіне 5 минут бұрын ғана шығарылады. Құжаттарды кем дегенде 10-15 күн бұрын тапсыруды мен, міне, AIBA басшылығынан 4-5 жыл бойы сұрап келемін. Тіпті, бұл жағдай ақпараттарды әдейі жасыруға ұқсап барады», - дейді ол.
AIBA вице-президенті Серік Қонақбаевтың айтуына қарағанда, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы жұмысында ашықтықтың болмауы әлемдік спорттық аренада әуесқой бокстың имиджіне көлеңкесін түсіріп келеді.