Серік Негимов: Президент Жолдауы - мемлекеттің стратегиялық дамуының айнасы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына бұл Жолдауы - мемлекеттің стратегиялық дамуының айнасы. Мұндай пікірді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында мемлекетіміздің даму стратегиясы нақты айқындалған. «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда», деп атап өтті Мемлекет басшысы. Жолдаудың өзекті идеясын осы жолдардан байқауға болады. Бұл шын мәнісінде патриоттық ойды ашық көрсетіп отыр. Президент Жолдауында мемлекетіміздің экономикасы, экологиясы, ғылымы, білім беру жүйесі, жер қойнауы, сондай-ақ ауыл шаруашылығының әлеуеті, азық-түлік бағасы, ауыз су мәселелерін нақты атап көрсетті», - деді ғалым.
Осы орайда Серік Негимов Жолдауда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты маңызды тапсырмалар берілгенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және олардың қатысы бар компанияларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойғанын білеміз. Ауыл шаруашылығы жерлерін халықтың игілігі үшін пайдалануда маңызды қадамдар жасалып отыр. Сонымен қатар, Президент денсаулық, биологиялық қауіпсіздік жөнінде жақсы ойларын көпшілікке жеткізді. Атап айтқанда, қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарау бағыттары осы Жолдаудың жақсы бір сипаты болып тұр. Өйткені, қорғаныс қабілетімізді нығайтуға айрықша мән беру назардан тыс қалмағаны абзал», - деді филология ғылымдарының докторы.
«Президент білім беру саласына тоқтала келе, еліміздегі мектептер санын арттыруға ерекше екпін қойды. Осы орайда алдағы жылдары салынатын мектеп санын бір мыңға жеткізуді міндеттеді. Жолдауда еліміздің ғылыми-интеллектуалдық мәдениетін жоғары көтеруге, ғылымды дамытуға байланысты салмақты ойлар айтылды. Ата Заңымызда Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені нақты көрсетілген. Мемлекет басшысы осыған қатысты нақты шегелеп айтты. Қазақ тілі ғылым тіліне жиырмасынша ғасырдың басында айналған болатын. Оған дәлел ретінде Алаш қайраткерлерінің еңбегін атап өтуге болады. Сол кезде қазақ тіліндегі ғылыми тіл керемет дамыған еді. Алайда кеңестік кезеңде осының бәріне тыйым салынды. Сондықтан Тәуелсіздік кезеңінде қазақ тіліндегі ғылыми бағдар тың серпін алды. Осы орайда Жолдауда Президент өзінің әділ пікірін айтты», - деді Серік Негимов.
Мұнымен қоса ғалым Мемлекет басшысы халқымыз үшін зиялы қауымның маңызы жайында ерекше пікір білдіргенін айтты.
«Зиялы қауым ұлт тағдырына қатты әсер етеді. Ұлт зиялыларының ұстанымдары мемлекетіміздің рухани дамуында зор үлес қосатын құбылыстар. Ел Президентінің Қазақстан халқына бұл Жолдауы - мемлекеттің стратегиялық дамуының айнасы», - деді профессор.