Серік Сәпиев Атырау спортшыларының жаңажылдық эстафетасына қосылды

Олимпиада чемпионы әрі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты барша қазақстандық спортшыларға видеожолдау арнап, Атыраудан басталған ерекше мерекелік эстафетаға қосылды.
«Шыршаны өз медальдарыммен безендіріп, атыраулық спортшылар бастаған чемпиондық чэлленджіге қолдау білдірейін деп шештім. Мемлекет басшысы үнемі спортты насихаттау қажеттігін айтады, мұндай шаралар сол мүддеге қызмет етеді. Эстафетаны барша спортшыларға жолдап, оның ұзаққа жалғасуын тілеймін», - деді Серік Сәпиев.
Еске сала кетсек, чемпион шыршасын алғаш рет 24 желтоқсан күні Атырау спортшылары медальдарымен безендірген болатын. 26 желтоқсанда қарағандылық спортшылар оны жалғастырды, 27 желтоқсанда игі рәсімді Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев қабылдады. Атыраулық спортшылардың бастамасына белгілі былғары қолғап шебері Мадияр Әшкеев те қолдау білдірді. Спортшы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы шыршалардың біріне Қазақстанның Мемлекеттік туын жауып, эстафетаны Серік Сәпиевтен қабылдады.