Серік Сәпиев Головкиннің кездесуі жөнінде: Мұндай шешімдер боксты көруге деген ниетіңді қайтарып тастайды
«Геннадий Головкиннің кездесуін Қарағандыдағы бокс орталығында жанкүйерлермен бірге тамашаладым. Гена бұл кездесуде 7:5 есебімен жеңді деп ойлаймын. Меніңше, ол әлі де жаттығу үстінде. Келесі кездесуі қашан болатыны белгісіз. Келісімге келгеннен кейін біле жатармыз. Менің ойымша, Гена алғашқы раундтарда-ақ соққы жасауға көп мән берген секілді. Бәрі де оның бір ғана соққы жасауды көздегенін көріп отыр. Ал Альварес бұл уақытта жеңіл әрі шапшаң соққыларды жасап жүрді. Меніңше, Генаның сол кезде де жеңіл соққыларды жібере беруі керек еді. Нокаутқа түсірер соққының реті өзі-ақ келер еді», - дейді Серік Сәпиев.
Серік Сәпиев өз сөзінде алғашқы раундтан кейін-ақ айқастың күрделі өтетінін түсінгенін айтады.
«Альварестің бұл айқасқа өте жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Меніңше, Гена келесі айқасқа бұдан да мықты дайындалады. Өйткені, соққыға ғана сенбей жұдырықтасуға баса маңыз береді деп ойлаймын. Меніңше, Гена келесі кездесуді одан да мықты өткізеді деген ойдамын. Ол жақта жаттықтырушы қанша айтқанмен тәжірибелі. Қай жерде қалай жұдырықтасу керектігіне кеңес береді. Төрешілер бойынша айтарым, мұндай шешімдер боксқа деген қызығушылығыңды төмендетеді. Әлбетте, төрешілер қателесті дейтіндей көптеген факторлар бар. Бұл адами фактор. Бәлкім, біреулерге бұл шешім пайдалы шығар. Әр адам қателесуі мүмкін. Бұл тек боксқа ғана емес, спорттың өзге де түрлерінде де кездеседі. Шешім көбінесе төрешілерге емес, жанкүйерлерге қатты әсер етеді. Мәселен, Пекинде жеңілген кезде маған да психологиялық тұрғыдан ауыр болды. Жаттығасың, сол кездесуді еске аласың. Бірақ, уақыт өте келе жаңа чемпионаттар басталған уақытта ол туралы ұмытып кетесің. Гена үшін бұл шешім соншалықты жайсыз деп айтпаймын. Ол ұтты. Жанкүйерлері арта түсті. Әлеуметтік желідегі бокс жұлдыздары да Генаның жеңгенін жазып жатыр», - деді Серік Сәпиев.
Еске сала кетсек, WBA (Super), WBC, IBF мен IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) көптен күткен жекпе-жегін өткізді. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылған бокс кешінде Triple G мексикалық бокстың жарық жұлдызы - Сауль «Канело» Альвареспен (49-1-1, 34 КО) жұдырықтасып, тең түскен болатын.