Серік Сәпиев қазақстандықтардың депутаттарға қандай мәселемен көп жүгінетінін айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына түсетін өтініштердің басым бөлігі баспана мәселесін шешумен байланысты. Бұл туралы бүгін Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын талқылауға арналған Қазақстан жастарының форумында Мәжіліс депутаты Серік Сәпиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сайлаушылармен қанша кездессек те алдымыздан шығатын, қаншама хат келетін ең үлкен проблема баспана болып отыр. Бізге келіп түсетін өтініштердің шамамен 70 пайызы тұрғын үй проблемасына қатысты болады. Ал Президенттің бұл жолғы ұсынысы қоғамдағы осынау проблеманы шешудің бір жолы деп білемін. Дұрыс ұсыныс жасалды, міндет айқын», - деді ол.
Сонымен қатар депутат білім алуға қосымша 20 мың грант бөлу, еліміздің солтүстік өңірлерін, оның ішінде Астананы газдандыру мәселесін шешу қолдан келетіндігін атап өтті.
Айта кетерлігі, кеше ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа бағдарламаны жария еткен болатын.