Серік Шәпкенов: Жастар практикасына қатысқандардың 62%-ы ғана тұрақты жұмыс тапқан

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жастар практикасына қатысқандардың 62%-ы ғана тұрақтын жұмыс тапқан. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серік Шәпкенов: Жастар практикасына қатысқандардың 62%-ы ғана тұрақты жұмыс тапқан

Министр 2021 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 815 мыңнан астам адам қамтылғанын хабарлады. 486 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 402 мың адам тұрақты жұмыс тапқан.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 247 жоба жүзеге асырылуда. Картаның бірінші бағыты бойынша 10,9 мың жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, 566 мың жұмыс орны мемлекеттік және жеке бастамалар аясында құрылды.

2021 жылдың қазан айында кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба бекітілді. Биыл жұмыспен қамту шараларымен 700 мың адамды қамту жоспарланып отыр

Онлайн оқыту мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Skills.enbek.kz порталының жұмысы жалғасады», - деді Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, министр іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру қажет екенін атады.

«2021 жылы 180 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Бұл құрал халықты жұмыспен қамтуда қажет. Алайда, қажетті тәсілдерді қайта қарастыру қажет. Өйткені уақытша жұмыс аяқталғаннан кейін барлық қатысушы тұрақты жұмысқа орналаса бермейді. 2021 жылдың қорытындысы әлеуметтік жұмыс орындарынан соң қатысушылардың 78%-ы, жастар практикасынан кейін 62%-ы, ал қоғамдық жұмыстардан кейін тек 32%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрақты жұмыс орындарына орналасу көрсеткіші ең төмен», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, кейбір жұмыс берушілер өз штаты болмаса да, субсидияланатын жұмыс орындарын пайдалануда.

«Әріптестер, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру жұмыссыздық мәселесін шешпейді. Жұмыс берушілермен жұмыс атқару қажет. Әлеуметтік жұмыс орындары кейіннен жұмыссыздар үшін тұрақты жұмысқа орналасуға трамплин іспетті болуы тиіс», - деді Серік Шәпкенов.

Осыны ескерген министрлік жұмыс орындарын субсидяилау шарттарын қатаңдатқан көрінеді.

«Біріншіден, құрылатын субсидияланатын жұмыс орындарының саны ұйымның штат санына байланысты болады.

Екіншіден, қатысушылардың жалақы мөлшері ұлғайтылды, қатысу мерзімдері, субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылар контингенті қайта қаралды.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шараларын автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін қызмет көрсету процесіне адам факторының қатысуы барынша қысқартылатын болады», - деді министр.